17.10.2022 _ 11:40

АӨСШК-ге мүше мемлекеттер саны 28-ге жетті

Саммит барысында Кувейт АӨСШК-ге жаңа мүше мемлекет болып қабылданды. Қазіргі таңда Азия кеңесіне мүше мемлекеттер саны 28-ге жетті. 1999 жылы олардың саны 15 болған. Бұл Кеңестің беделінің артып жатқанының, оның басқа мемлекеттер үшін тартымды екенін көрсетіп отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде АӨСШК VI Саммитінің қорытындылары туралы баяндаған кеңестің Бас хатшысы Елші Қайрат Сарыбай мәлімдеді.

«Былтыр Түрікменстан Азия кеңесінің байқаушы мәртебесіне ие болды. Сондай-ақ саммит қарсаңында Азия кеңесі мен Еуразиялық экономикалық одақ өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Осылайша, Азия кеңесінің отбасы және халықаралық байланыстар желісі өсіп, жалғасуда. Бұл да төрағалықтың бір басымдығы болып табылады және орындалып келеді», - деді Сарыбай.