17.10.2022 _ 11:50

Астанада АӨСШК саммитінде бірқатар құжаттар мен шешімдер қабылданды

Астанада өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес саммитінде бірқатар ерекше тақырыптық құжаттар қабылданды. АӨСШК VI Саммитінің қорытындылары туралы баяндаған кеңестің Бас хатшысы Елші Қайрат Сарыбай Орталық коммуникациялар қызметі алаңында оларға тоқталып өтті.

«Алдымен «Азия кеңесінің мүше мемлекет және үкімет басшыларының бірлескен мәлімдемесі» қабылданды. Бұл мәлімдеменің басты мақсаты - ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану қауіпсіздігі және ақпараттық қауіпсіздік технологияларының қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастық. Бұл мәлімдеме Азия кеңесі мемлекеттерінің жаңа басым саладағы практикалық ынтымақтастығына саяси серпін беруге бағытталған. Сондай-ақ Душанбе саммитінде ҚР Президенті Қ.Тоқаев Азия кеңесінің қорын құру туралы бастама көтерген болатын. Оның негізгі мақсаты - Азия кеңесі шеңберіндегі жобаларды іске асыруды қолдау және оларды ерікті қаржыландырудың қосымша тетіктерін табу. Қор қызметі консенсус қағидатына және Азия кеңесінің мақсаттарына толық сәйкестікке негізделеді және барлық мүше мемлекеттердің бақылауымен жүзеге асырылады. Бұл екінші тақырыптық құжат», - деді спикер. 


Сондай-ақ 2012 жылы Азия кеңесі шеңберінде ұсынылған БҰҰ-ның терроризмге қарсы жаһандық стратегиясын іске асыру жөніндегі Азия кеңесінің іс-қимыл жоспары да бекітілді.