18.10.2022 _ 11:20

Жол-көлік оқиғаларында қаза тапқандар мен зардап шеккендердің төрттен бірі жаяу жүргіншілер

Қазіргі көлік түрлерінің үлкен жылдамдықпен жүруге техникалық мүмкіндігі жеткілікті. Әйтсе де, автокөлік бірден тоқтай алмайтынын ұмытпау керек. Мәселен, әрбір төртінші жол-көлік оқиғасы жылдамдық режимін сақтамау салдарынан орын алады. 2 529 жол-көлік оқиғасы болса, онда 670 адам қаза болып, 3 535 адам жарақат алған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиев мәлімдеді.

«Жол-көлік оқиғаларында қаза тапқандар мен зардап шеккендердің төрттен бірі жаяу жүргіншілер. Жолдағы қауіпсіздік жаяу жүргіншілерге де, жүргізушілерге де байланысты. Екі жақта да тәуекелдер бар. Себебі, жол-көлік оқиғасына көбіне көшені рұқсат етілмеген жерден кесіп өтетін немесе бағдаршамның қызыл жарығына өтетін жаяу жүргіншілер кінәлі болып жатады. Кейбіреулер жолды кесіп өтерде айналаға қарау керек екенін ұмытып кетеді, себебі бұрылыстан кенеттен көлік пайда болуы мүмкін. Сол сияқты, тәуліктің қараңғы уақытында жүргізушілер жаяу жүргіншілерді байқамай қалуы мүмкін, себебі жаяу жүргіншілер киімдерінде жарық қайтаратын элементтерді сирек пайдаланады, сондықтан өте сақ болу керек және жүргізушінің сізді өткізіп жіберетініне көз жеткізу керек», - деді спикер.


ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің мәліметінше, жаяу жүргіншілердің кінәсінен 357 жол-көлік оқиғасы орын алып, 77 адам қаза тауып, 293 адам жарақат алды.