20.10.2022 _ 14:10

Су шығынын азайту: 2025 жылға қарай 19 су қоймасын қайта құру жоспарлануда

Тапшылық мәселелерін шешу және су шығынын азайту үшін жүйелі жұмыс жүргізілуде. Қазіргі уақытта су шаруашылығының проблемалық мәселелері «Жасыл Қазақстан», «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» және «2025 жылға дейін АӨК дамыту жөніндегі» ұлттық жобалар шеңберінде шешіліп жатыр. Бұл туралы ОКҚ өткен брифингте экология министрі Серікқали Брекешев баяндады.
иллюстративное фото с сайта 24.kz

Мәселен, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға қарай суару кезінде судың шығынын 4 км3-ке қысқарту, ал өнеркәсіпте тұщы су алу көлемін 1,3 км3-ке азайту жоспарланған. 


«Республикада ұзындығы 21,5 мың шақырымға жуық 3,5 мың магистральдық канал бар, оның 11,9 мың шақырымы қанағаттанарлықсыз жағдайда. Оларды қайта құру бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, 2021 жылға дейін 5,6 мың км канал қайта жаңартылды. 2025 жылға дейін қалған 6,4 мың км каналды қайта жаңарту көзделген. Нәтижесінде судың жоғалуы 1,7 км3 азаяды. Бөгеттердің тозуы мәселесін шешу бойынша да жұмыстар қолға алынды. 2017 жылдың басында елде 41 апаттық су қоймасы болды. Соңғы 5 жылда 16-сы жөндеуден өтті. Биыл тағы 6 ғимарат қалпына келтіріледі, ал 2025 жылға қарай қалған 19 су қоймасын қайта жаңарту жоспарлануда. Бұл шамамен 800 млн м3 суды үнемдеуге мүмкіндік береді», - деді ведомство басшысы. 


Қосымша су көлемін қамтамасыз ету үшін 2025 жылға дейін жинақтау көлемі 1,7 км3 болатын 9 жаңа су қоймасын салу жоспарланған. 2021 жылы Түркістан облысындағы «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасы пайдалануға берілді. Қалғандары бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.