20.10.2022 _ 14:30

Су саласын дамытудың үш жылдық кешенді жоспарына бірінші кезекте іске асыруды талап ететін іс-шаралар енгізілген

Қазақстан Республикасының Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасын экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі әзірлейді. Құжатта екі негізгі бағыт анықталған. Біріншісі - суды басқару жүйесін жетілдіру; екіншісі-тұрақты даму үшін суға деген сұранысты басқару. Бұл туралы ОКҚ брифингінде ведомство басшысы Серікқали Брекешев айтты.


Тұжырымдаманың негізгі мақсаты елдің су ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану, экономика салалары мен қоршаған орта қажеттіліктерінің теңгерімін қамтамасыз ету проблемаларын шешу болады.  


«Тұжырымдамаға сондай-ақ Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауының қорытындысы бойынша әзірленіп жатқан су саласын дамытудың үш жылдық кешенді жоспары енгізіледі, ол бірінші кезекте іске асыруды талап ететін іс-шараларды қамтиды. Кешенді жоспардың жобасы жақын арада су кеңесінің отырысында қаралады», - деп атап өтті спикер.