21.10.2022 _ 07:57

Роман Скляр Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының орынбасарларымен келіссөз жүргізді

2022 жылғы 19-20 қазанда ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр бастаған делегация Ресей Федерациясына сапармен барды. Делегация құрамына энергетика министрі Болат Ақшолақов, «Самұрық-Қазына» АҚ ұлттық компаниясының басшысы Алмасадам Сәтқалиев, «QazaqGaz» АҚ» ҰК» басшысы Санжар Жаркешов, «ҚазТрансОйл» АҚ» ҰК басшысы Талғат Құрманбаев, «Қазақстан Темір жолы» АҚ» ҰК Нұрлан Сауранбаев кірді.

Сапар аясында Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының орынбасарлары Марат Хуснуллинмен, Денис Мантуровпен, Александр Новакпен, сондай-ақ «Газпром» ЖАҚ басқарма төрағасы Алексей Миллермен келіссөздер жүргізілді.

Кездесулер барысында Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлерін газдандыру, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Солтүстік – Оңтүстік» көлік-логистикалық маршруттарын дамыту, сондай-ақ ҚР мен ҚХР шекарасында үшінші теміржол өткелін салу, сондай-ақ ҚР мен РФ арасындағы көлік жолдары мен өткізу пункттерін қайта жаңарту мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар өнеркәсіптік кооперация саласы, атап айтқанда, автомобиль, авиация және металлургиядағы негізгі екіжақты жобаларды іске асыру мәселелері қозғалды.

Тараптар сондай-ақ отын-энергетика кешеніндегі ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, атом энергетикасы, мұнай-химия және электр энергетикасы салаларындағы өзара іс-қимылдың ағымдағы жай-күйі мен перспективаларын талқылады.