27.10.2022 _ 09:29

Депутаттар асыл тұқымды иттерді сақтау мен молайту туралы заң жобасын талқылады

Мәжілісте иттердің ұлттық тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселесін талқылаған жұмыс тобының отырысы өтті.

Жиынға депутаттар, жауапты министрліктер өкілдері, «Атамекен» ҰКП, «Парламентаризм институты», «Қансонар» қоғамдық бірлестігі өкілдері, кинологтар, ветеринарлар, этнографтар және  тағы басқа сала мамандары қатысты.

Депутаттар бастамасымен әзірленген заң жобасы иттердің ұлттық тұқымдары – тазы мен төбетті сақтау және өсімін молайтудағы мемлекеттік реттеудің негізгі қағидаттарын белгілеу, асыл тұқымды ит тұқымдарының ұлттық орталығының қызметін айқындау және субъектілердің қызметін құқықтық реттеудің кешенді тәсілін көздейді.

«Қазақтың жеті қазынасының бірі – ит. Кейінгі жылдары иттің басы жоғалып, қаны өзгеріп бара жатыр. Қазақстан бойынша тазы мен төбеттің нақты саны жоқ, өйткені оларды тіркеу жұмысы дұрыс жүргізілмеген. Асыл тұқымды иттерді жандандыру керек. Бұл бастама Үкіметтен қолдау тапты», – деді жұмыс тобының мүшесі Әмірхан Рахымжанов.

Талқылау барысында Мәжілістің Экология және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы Александр Милютин Экология министрлігінен ұлттық ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы қызметті мемлекеттік қолдау тетігі қалай жүзеге асырылатынын сұрады.

Бастапқы кезеңде барлық ит есепке алынады. Жүз төбет пен жүз тазыға арналған ангарлар салып, оларды күтіп-баптау, генетикалық зерттеу жұмыстарын жүргізбекпіз. Екінші кезеңде оқу орталықтарын ұйымдастырып, асыл тұқымды ит тұқымдарына зерттеу жасау, тазы мен төбеттерге далалық сынақтар өткізуді жоспарлап отырмыз. Дегенмен тікелей қаржылық қолдау туралы айту әлі ерте», – деді Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова.

Жұмыс тобына Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов жетекшілік етеді. Талқылау негізінде қосымша түзетулер әзірленетін болады.