01.11.2022 _ 11:10

Қазақстанда 22 мыңнан астам ғылыми кадр бар - Дархан Ахмед-Заки

Кез келген елдің ғылымының дамуына негізгі төрт фактор әсер етеді. Бұл – кадрлық әлеует, қаржыландыру көлемі, ғылымның нақты сектормен байланысы және ғылымды әкімшілендіру сапасы. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмед-Закидің айтуынша, елімізде 22 мыңнан астам ғылыми кадр бар. Оның 36%-ы 35 жасқа дейінгі жастар.

«Бір миллион халыққа 1172 ғалым келеді. Бұл көрсеткіш 1990-жылмен салыстырғанда 2 есеге азайған. Ғылыми әлеует ғылымды қаржыландырумен тікелей байланысты. 2021 жылы жалпы ішкі өнімге шаққандағы ғылымның қаржыландыру көлемі 0,17%-ды құрады. Әлемдік тәжірибеде ғылымның нәтижелілігі – қаржыландыру көлемі жалпы ішкі өнімнен 1%-дан асқан кезде болады деп саналады. Дамыған елдерде бұл көлемнің үштен екісі жеке инвестициялардан қалыптасады. Мемлекет көбінесе іргелі зерттеулерді қаржыландырады. Бізде барлық жауапкершілік республикалық бюджетке тиесілі», - деді комитет төрағасы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында сөйлеген сөзінде.