03.11.2022 _ 09:49

Ленин атындағы шахтадағы ТЖ: Үкіметтік комиссия құрылды

"АрселорМиттал Теміртау" АҚ Көмір департаментінің Ленин атындағы шахтасында 3 қарашаға қараған түні газдың кенеттен шығарылуына байланысты қайғылы оқиға орын алып, жедел штаб кеңес өткізеде. Болған жағдайдың себептері мен мән-жайларын анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылды.

"Үшінші қараша сағат 03.03-те Ленин атындағы шахтада газды дренажды ұңғымаларды бұрғылау кезінде метан газының кенеттен шығарылуы орын алды. Апат кезінде шахтада жер астында 106 адам болған. 101 эвакуацияланды. 5 адам қайтыс болды, қазіргі уақытта төрт адам ауруханада жатыр. Қазір авариялық-құтқару жұмыстары жүргізілуде. Біз қаза тапқандардың отбасыларына, кеншілеріміздің әріптестеріне көңіл айтамыз. Қаза тапқандардың, зардап шеккен шахтерлердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетіледі", – деді "АрселорМиттал Теміртау" АҚ Көмір департаментінің директоры Арман Қалықов.

Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккендердің жағдайы туралы хабарлады. Шахтаның төрт қызметкері Шахтинск орталық ауруханасына жеткізілді.

"Алдын ала диагноз – метанмен улану. Зардап шеккендердің екеуі Х.Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың токсикологиялық бөлімшесіне ауыстырылды. Уланудан басқа, әртүрлі дәрежедегі жарақат алған тағы екі адам Шахтинск Орталық ауруханасында. Консилиум өткізу үшін Мақажанов ауруханасының мамандарынан – екі нейрохирург және екі реаниматологтан құралған санавиация бригадасы    келді", – делінген хабарламада.

Қарағанды облысы полиция департаментінің ақпараты бойынша, ТЖ фактісі бойынша Ленин атындағы шахтада ҚР ҚК 277-бабы, 3-бөлігі (тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқтырған) бойынша қылмыстық іс тіркелген. Оқиға орнында жедел-тергеу топтары жұмыс істейді.