03.11.2022 _ 11:50

Аккредитациядан өткен сынақ зертханаларының нәтижелері негізінде өнімге сертификат беріледі – М. Айтышев

Қазақстанда өнімнің барлық түрі қауіпсіздік талаптарынан өткеннен кейін ғана сатуға және тұтынуға рұқсат етіледі. Өнімді бағалау қазақстандық нарықта белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін өнімнің айналымын болдырмау мақсатында жүргізіледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Ұлттық аккредиттеу орталығы» РМК бас директорының м.а. Мақсат Айтышев мәлімдеді.

Оның айтуынша, өз қауіпсіздігін растаған өнімдерге жеке сериялық нөмірге сәйкестік сертификаты беріледі. Әрбір тұтынушы, сатып алатын өнімнің қауіпсіз екендігіне көз жеткізу үшін, дүкендегі сатушылардан өнімнің сертификатын сұрауға құқылы. 

«Осыған орай келесі сұрақ туындайды: сертификаттау дегеніміз не? Оны кім береді? Өнім өндірумен қатар оны импорттауға болады. Ел аумағына өнімді әкелу кезінде міндетті түрде кедендік рәсімінен өту қажет. Кедендік ресімдеу барысында өнімнің сәйкестігін растау құжаты, яғни өнім сертификаты және өнім декларациясы құжаттары беріледі. Өнімді сертификаттау дегеніміз – өнімнің осы түрі үшін белгіленген талаптарға сапасы мен қауіпсіздігінің сәйкестігін растау рәсімі. Бұл рәсімді арнайы ұйым, өндірушіден және тұтынушыдан тәуелсіз ұйым, тиісті аккредитациядан өткен сертификаттау жөніндегі орган жүзеге асыруға құқылы.  Бұл ретте сәйкестікті растау бекітілген құжат — сертификат беріле отырып, жазбаша формада жүзеге асырылады», - деді спикер. 


Өнімді сертификаттау барысында, аккредитациядан өткен сынақ зертханаларының нәтижелері негізінде өнімге сертификат беріледі. Сынақтан өтпеген өнімге сертификат берілмейді.