03.11.2022 _ 14:10

Ағымдағы эпидемиялық маусымның басынан бастап елімізде 764 247 ЖРВИ жағдайы тіркелді

Қазақстанда ЖРВИ және тұмау ауруларын мониторингтеу жыл сайын 1 қазаннан 30 сәуірге дейін жүргізіледі. Ағымдағы эпидемиялық маусымның басынан бастап елімізде 764 247 ЖРВИ жағдайы тіркелді. Республикадағы сырқаттанушылық өткен жылдың осындай кезеңіндегі деңгейде. Бұл туралы Орталық коммуникациялық қызметі алаңында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Жұқпалы ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Роза Қожапова хабарлады.

«Тұмаудың 521 зертханалық расталған жағдайы тіркелді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында – 179, жүкті әйелдер арасында – 106. Қазақстанда тұмаудан басқа тұмауға ұқсас вирустар да таралуда. Басқа тұмауға ұқсас инфекцияларға 1202 сынама тексерілді, оның ішінде 254 сынамада оң нәтиже анықталды. Ағымдағы эпидемиялық маусымда тұмау және ЖРВИ бойынша санитариялық-профилактикалық, санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу мақсатында 19 қыркүйекте ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің ағымдағы эпидемиялық маусымға тұмау және ЖРВИ бойынша санитариялық-профилактикалық, санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу туралы қаулысына қол қойылды. Оған сәйкес медициналық ұйымдардың тұмауға қарсы иммундау науқанын өткізуге, тұмаумен және ЖРВИ-мен ауыратын науқастарды қабылдауға дайындығы, сондай-ақ зертханалардың тұмауға және басқа ЖРВИ-ге зертханалық зерттеулер жүргізуге дайындығы қамтамасыз етілді», - деді спикер.