03.11.2022 _ 14:20

Ел бойынша 1,8 млн адам тұмауға қарсы егілді

Ағымдағы эпидемиялық маусымда тұмау және ЖРВИ бойынша санитариялық-профилактикалық, санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу мақсатында 19 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің ағымдағы эпидемиялық маусымға тұмау және ЖРВИ бойынша санитариялық-профилактикалық, санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу туралы қаулысына қол қойылды. Оған сәйкес медициналық ұйымдардың тұмауға қарсы иммундау науқанын өткізуге, тұмаумен және ЖРВИ-мен ауыратын науқастарды қабылдауға дайындығы, сондай-ақ зертханалардың тұмауға және басқа ЖРВИ-ге зертханалық зерттеулер жүргізуге дайындығы қамтамасыз етілді. Бұл туралы ОКҚ брифингінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің жұқпалы ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Роза Қожапова мәлімдеді.
Ел бойынша 1,8 млн адам тұмауға қарсы егілді

«Аурудың алдын алудың ең тиімді әдісі – вакцинация. Биыл бюджет қаражатына Ресейде шығарылған «ГРИППОЛ +» вакцинасының 2,3 млн дозасы сатып алынды. Вакцина құрамында алдағы маусымдағы вирустарға қарсы штаммдар бар. Бұл жалпы республика халқының 12%-ын қамтуға мүмкіндік береді, ДДҰ ұсынған көрсеткіш – кемінде 10%. Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен халықтың осал топтары егіледі: олар – медицина қызметкерлері; медициналық ұйымдарда диспансерлік есепте тұрған балалар; жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының, балалар үйлерінің балалары; эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша. Қазан айының басынан бастап халыққа тұмауға қарсы вакцинация жүргізілуде. Ел бойынша тұмауға қарсы 1 806 710 адам немесе жалпы республика халқының 9,5%-ы егілді», - деді спикер.

 
98%-ға жуығы жергілікті бюджет есебінен, 30 мыңға жуық адам жұмыс берушінің есебінен егілді, 20 мың адам өздері төледі.


Вакцинация алғандар арасында 14 жасқа дейінгі балалар - 20% артық. Вакцинациядан кейінгі асқынулар тіркелген жоқ.