07.11.2022 _ 11:50

А.Мұқанова: Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құзыреті күшейтілді

«Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Конституциялық заңның мақсаты адам және азамат құқықтарын іске асырудың кепілі ретінде Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің конституциялық мәртебесін бекіту бөлігінде Конституцияға енгізілген өзгерістерді іске асыру болып табылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР Әділет вице-министрі Алма Мұқанова мәлім етті.

«Конституцияның 83-1-бабының нормаларымен Уәкіл қызметінің міндеттері, оның тәуелсіздігінің кепілдігі бекітілген. Бұдан былай Уәкілдің құқықтық жағдайы мен қызметін ұйымдастыру Конституциялық заңмен айқындалады. Уәкілдің құзыреті күшейтілді. Атап айтқанда, Конституция нормаларын іске асыру үшін уәкілдің Конституцияда бекітілген адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігі мәселесі бойынша Конституциялық Сотқа жүгіну құқығы көзделген. Уәкілдің қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелеріне және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарға кедергісіз кіру құқығы бекітілді. Уәкілдің мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар, өзге де ұйымдар мен азаматтар арасындағы дауларды реттеу жөніндегі қоғамдық диалогқа қатысу мүмкіндігі және оларға тиісті ұсынымдар беру мүмкіндігі бекітілді», - деді спикер. 


Сонымен қатар сайлау заңнамасына өзгерістер енгізуге, Конституциялық Сот құруға, Есеп комитетін Жоғары аудиторлық палатаға айналдыруға, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мәртебесін нығайтуға байланысты «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.