07.11.2022 _ 14:10

Қаңтар оқиғасы: Қарулы қылмыскерлер ұйымдасқан және жақсы жоспарланған шабуылдар жасады

Бас прокуратура қаңтар оқиғаларының тергеу нәтижелерін жұртшылыққа жеткізу бойынша жұмысты жалғастыруда. Қайғылы оқиғалар Алматы, Шымкент қалаларында, Ақтөбе, Атырау, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында орын алды. Сол күндері қылмыскерлер қаруды қолдану арқылы мақсатты түрде стратегиялық мемлекеттік және азаматтық объектілерді басып алып, қиратқан. Олар – әкімдіктер, аэропорттар, полицияның ғимараттары, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті, телевидение және байланыс, сондай-ақ, сауда үйлері, қару дүкендері және азаматтардың мүліктері. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов қаңтар оқиғалары жайлы баяндады.

Бұл әрекеттердің мақсаты көшелерде үрей мен халық арасында қорқынышты туғызу, оның ішінде жалған ақпарат тарату арқылы елдегі жағдайдың тұрақсыздануына қол жеткізу болды.  


«Қиратулардың қатысушылары полиция қызметкерлеріне, әскерилерге және қарапайым адамдарға шабуыл жасады, жолдардың жүру бөлігін жауып тастап, көлік құралдарын өртеді, азаматтарды қорқыту арқылы жаппай тәртіпсіздіктерге қатысуға шақырды, тонаулар жасады. Қылмыскерлер қару дүкендерін тонады, ұрланған қарулардың көмегімен бейнежазба камераларын жойды. Қарулы қылмыскерлер Алматы, Қызылорда, Тараз, Талдықорған, Шымкент және Атырау қалаларындағы әкімдік, полиция ғимараттарына, Президенттің резиденциясына, телемұнараға, дүкендер мен өзге де объектілерге шабуыл жасады. Қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етуді бұғаттау мақсатында және жауынгерлік қаруларды жымқыру үшін олар полиция органдары мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимараттарына ұйымдасқан және жақсы жоспарланған шабуылдар жасады. Олар мемлекеттік және жеке мүліктерді жою арқылы тәртіп сақшыларын және қарапайым азаматтарды қорқыту жолымен өз іс-әрекеттерін тоқтатпады», - деді полковник. 


Қаңтар оқиғалары кезінде ел бойынша 1 151 азамат жарақат алып, 3 998 қоғамдық тәртіп қызметкерлері зардап шекті. Нәтижесінде 100 млрд теңгеден астам сомаға залал келтірілді, оның ішінде бизнес субьектілеріне 92 млрд теңге. Жүздеген ғимарат пен көлік құралы өртелді.