09.11.2022 _ 11:10

1 қазаннан бастап ел бойынша 1 млн 27 мың ЖРВИ жағдайы тіркелді

Қазақстанда ЖРВИ және тұмау ауруларын мониторингтеу жыл сайын 1 қазаннан 30 сәуірге дейін жүргізіледі. Биыл 1 қазаннан бастап ел бойынша 1 млн 27 мың ЖРВИ жағдайы тіркелді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Марал Рақымжанова хабарлады.

Жыл сайын қазаннан бастап сәуірге дейінгі аралықта жіті респираторлық-вирустық инфекциялармен (ЖРВИ) және тұмаумен сырқаттану маусымы басталады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) деректері бойынша алдағы эпидемиялық маусымда вирустың үш штаммы өзекті болады –  A(H1N1), A(H3N2) және B, олар 2022/2023 эпидемиялық маусымға арналған вакцинаның құрамына енгізілген. 


«Республикадағы сырқаттанушылық өткен жылдың осындай кезеңіндегі деңгейде. Тұмаудың 865 зертханалық расталған жағдайы тіркелді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында – 341. Қазақстанда тұмаудан басқа тұмауға ұқсас вирустар да таралуда. Басқа тұмауға ұқсас инфекцияларға 2300 жуық сынама тексерілді, оның ішінде 341 сынамада (15%) оң нәтиже анықталды, оның ішінде риновирус, РС вирус, парагрипп, коронавирус, аденовирус, бокавирус, метапневмовирус. Ағымдағы эпидемиялық маусымда тұмау және ЖРВИ бойынша санитариялық-профилактикалық, санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу мақсатында ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына қол қойылды. Оған сәйкес медициналық ұйымдардың тұмауға қарсы иммундау науқанын өткізуге, тұмаумен және ЖРВИ-мен ауыратын науқастарды қабылдауға, сондай-ақ зертханалардың тұмауға және басқа ЖРВИ-ге зертханалық зерттеулер жүргізуге дайындығы қамтамасыз етілді», - деді спикер.