14.11.2022 _ 12:00

Соңғы үш жылда тұрғын үйлерде 153-тен астам өрт датчигі орнатылды, 170 азаматтың өмірі құтқарылды

Азаматтарды өрттен қорғау әдістерінің бірі – түтін туралы ерте хабарлау құралдарын немесе халық арасындағы «өрт датчиктерін» орнату болып табылады. Бұл құрылғылар, адамға өрт қаупі төнген кезде өз қауіпсіздігі үшін тиісті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков хабарлады.


ТЖМ ұсынысы бойынша, соңғы үш жылда тұрғын үйлерде 153-тен астам өрт датчигі орнатылды. Нәтижесінде 170 азаматтың өмірі құтқарылды.


«Мысалы, өткен жылы жекеменшік үйлерде улы газ концентрациясының артуы туралы датчиктердің хабарлауы себебінен 5 жағдай тіркелді, нәтижесінде 32 адамның өмірі құтқарылды. Жылу беру кезеңінде қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында ТЖМ азаматтарға өзіңізді және балаларыңызды өрт қаупінен қорғауға мүмкіндік беретін газдың алдын алу туралы хабарлау және бақылау датчиктерін сатып алуды ұсынады», - деді спикер.