16.11.2022 _ 14:10

ҒЖБМ вице-министрі: жоғары білімді дамытудың басты бағыттары айқындалды

Жоғары білім саласындағы ұлттық саясаттың ең басты міндеттерінің бірі ол жоғары білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және «білім экономикасына» қажетті жоғары білікті мамандарды даярлау. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев хабарлады.

«Осы міндеттерді орындау үшін бүгінде тиісті құжаттар қабылданды. Бұл университеттер автономиясын ұлғайту мақсатында тиісті заңға өзгерістер енгізілді, сондай-ақ  «Сапалы білім «Білімді ұлт» ұлттық жобасы, 2022-2026 жылдарға арналған ҚР Білімді дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Осы құжаттар негізінде жоғары білімді дамытудың басты бағыттары айқындалды. Атап айтқанда, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімге қолжетімділікті кеңейту; мамандарды даярлаудың алдын ала болжау моделіне көшу; жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің бәсекеге қабілеттілігін көтеру және мазмұнды жаңарту; жоғары білімдегі цифрландыру; университеттердегі басқару жүйесін жетілдіру; жоғары білімдегі интернационализация; жоғары білім жүйесінің сапасын қамтамасыз ету», - деді спикер.