Қаралған өтінімдердің ішінде ең көп саны тауарларды жеткізу шығындарына байланысты өтінімдер – 3,9 млрд теңгеге 238 өтінім және қазақстандық өнімді жылжытуға - 0,2 млрд теңгеге 26 өтінім.
Салалар бөлінісінде артықшылығы АӨК және тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарында болды, оларға 2,1 млрд теңгеге 148 өтінім мақұлданды. Оның ішінде ұн экспорттаушыларға жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеге 77 өтінім өтеуге мақұлданды. Бұл 2022 жылы экспорт бойынша шығындарды өтеуге бағытталған барлық қаражат көлемінің шамамен 40%-н құрайды.
Бұдан басқа, өзге де металл емес минералды өнімдерді, электр жабдықтарын экспорттаушы компанияларға, сондай-ақ металлургия өндірісі, өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығы, химия өнеркәсібі өнімдерін, дайын металл бұйымдарын, компьютерлерді, электрондық және оптикалық жабдықтарды және басқаларын жеткізу саласында маманданған компанияларға өтінімдер мақұлданды.
«QazTrade» АҚ-ның Бас директоры Нұралы Бөкейхановтың айтуынша, қазіргі уақытта тағы 587 өтінім қаралуда.
«Экспорттаушы компаниялардан өтінімдерді сараптау жөніндегі қызмет соңына дейін автоматтандырылмаған, оны біздің мамандар жеке жүргізеді. Жеке өтінімдер бойынша құжаттар саны мыңға жетуі мүмкін болғандықтан, оларды объективті себептермен қарау мерзімі артады. Қазір жұмыста 2022 жылы берілген 587 өтінім бар, олардың барлығы міндетті түрде қаралады. Экспорттаушыларға өтемақы төлеуге арналған қалған 4,7 млрд теңге толық көлемде игерілетін болады», - деп сендірді ол.
Сонымен қатар, «QazTrade» АҚ-ы ҚР Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп кәсіпкерлерден өтінімдерді қабылдау процесін оңтайландыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда.
«Біз қызметті цифрлық форматқа көшіру үшін сипаттама мен арнайы талаптар дайындадық, қазір тиісті шешімдер пысықталуда», - деп нақтылады Нұралы Бөкейханов.
Заң бойынша қазақстандық кәсіпорындар шикізаттық емес тауарларды экспортқа шығаруға байланысты шығындардың бір бөлігін өтеуге құқылы. Бұған, атап айтқанда, экспорттаушылардың өнімді жылжытуға, филиалдарды, сауда алаңдарын, қойма мен сауда сөрелерін шетелде ұстауға, біздің елден тыс жерлерде тауар белгілерін тіркеуге, индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерін шетелдік сертификаттау мен аккредиттеуден өтуге, тауарларды жеткізуге және автомобиль, теміржол, әуе, теңіз, тасымалдары және басқалары бойынша қызметтерге ақы төлеуге жұмсаған шығындары кіреді.
Биыл өңделген тауарларды экспорттау шығындарының бір бөлігін өтеу бойынша өтінімдерді қабылдау 24 наурыз бен 24 сәуір аралығында жүргізілді.