23.11.2022 _ 12:00

Электрондық кезек жүйесі пилоттық режимде Қытаймен шекарадағы «Достық-Алакөл» автомобиль өткізу пунктінде іске қосылды

Биыл тауарлардың ЕАЭО кедендік шекарасы арқылы өтуін бақылауды бір жерде біріктіру және Ахуалдық орталық пен Электрондық декларациялау орталығының базасында кедендік декларациялардың орталықтандырылған шығарылуы үшін Бас диспетчерлік басқарма құрылды. Ахуалдық орталық нақты уақыт режимінде ИДК рентген-суреттерін талдауды және кедендік жете тексерулер жүргізу процесін сүйемелдеуді жүзеге асырады. Электрондық декларациялау орталығы тауарлар шығарылғанға дейін тауарлардың құнын бақылауды, жеңілдіктер мен преференцияларды қолданудың негізділігін және бақылау аяқталғаннан кейін кедендік декларацияларды шығаруды жүзеге асырады. Жұмыс істеу принципін ОКҚ алаңында өткен брифингте ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Слямов түсіндірді.
иллюстративное фото с сайта baigenews.kz

Оның айтуынша, Ахуалдық орталық 4,5 мың бұзушылықты анықтады, 15,5 млрд теңге сомасында кедендік төлемдер өндірілді, кедендік тексерулердің тиімділігі 2 есеге артты.


«ЭДО құрылған сәттен бастап қосымша 38 млрд теңге сомасында кедендік төлемдер мен салықтар өндірілді. Сондай-ақ ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті ҚР ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп, Қытаймен шекарада «Достық» автомобиль өткізу пунктінде («Алашанькоу» шекаралас өткізу пункті) электрондық кезектің автоматтандырылған жүйесін пилоттық іске қосу жоспарлануда. Ол үшін мемлекеттік органдар Қазақстаннан шыққан кезде автомобиль көлік құралдарын өткізуді ұйымдастырудың уақытша схемасын бекітті. Мұнда Qoldau.kz платформасының немесе "Сargoruqsat" мобильді қосымшасының (IOS немесе Android) автоматтандырылған электрондық кезек жүйесі пайдаланылатын болады. Электрондық кезек жүйесін құрудың мақсаты көлік құралдарының, жүктер мен тауарлардың өткізу пунктіне кіру кезектілігін қалыптастыру процесінің ашықтығы мен цифрландырылуын қамтамасыз ету болып табылады. Жүйені ҚР Қаржы министрлігінің «Ақпараттық-есепке алу орталығы» АҚ мамандары әзірледі. Бұл жүйе барынша ыңғайлы және ашық болып табылады, жүргізуші көрсетілген порталда немесе мобильді қосымша арқылы тіркелгеннен кейін жол жүру үшін бос күн мен уақытты таңдайды. Бұл ретте жүргізуші өз кезегі туралы SMS-хабарлама алады. Пилоттың қорытындысы бойынша Мемлекеттік шекараның барлық периметрі бойынша электрондық кезек жүйесін кезең-кезеңімен енгізу жоспарлануда. Шекарадан өтуге байланысты жүзеге асырылатын мемлекеттік бақылаудың көптеген түрлері орталықтандырылатын болады. Тауарлар мен көлік құралдарын шығару туралы шешім орталықта және шектеулі уақыт аралығында қабылданады. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша толыққанды бақылау және азайту үшін жасалады», - деді спикер.


Өткізу пункттерін жаңғырту және электрондық кезек жүйесін енгізу аяқталғаннан кейін өткізу пункттерінің барлық инфрақұрылымдық мәселелері шешіледі, шекарадан өтудің қолайлы болуына және бақылауды жеделдетіп жүргізу үшін барлық жағдайлар жасалады.