25.11.2022 _ 14:20

Субсидияланатын жұмыс орындарымен қамтылған 161 мыңға жуық азаматтың 36%-ын жастар құрайды

Ұлттық жобалардың тағы бір бағыты – мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарын құру арқылы жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу. Субсидияланатын жұмыс орындары аясында жұмыспен қамтылған азаматтардың жалақысы мемлекет тарапынан ішінара немесе толықтай төленеді. Мұндай жұмыс орындарын белгілі бір талаптарға сай келетін кез келген жұмыс беруші өз кәсіпорында ұйымдастыра алады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев хабарлады.

Оның айтуынша, бұл үшін Еңбек биржасы арқылы қажет орындарға өтініш беру керек.

«Қазір субсидияланатын жұмыс орындарына қамтылған 161 мыңға жуық азаматтың 36% жастар құрап отыр. Мұндай жұмыс орындарының негізгі мақсаты – жастардың нақты машықтары мен дағдыларын игеріп, одан әрі тұрақты жұмысқа орналастыру. Бүгінгі күні жастарды жұмыспен қамту өзекті мәселесі жұмыспен қамту шараларының бірнеше бағыты бойынша жүзеге асырылып келеді. Олардың ішінде жастар практикасы, «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», қоғамдық жұмыс сияқты жобалар көзделген. Бұл жобалар 29-дан аспаған ЖОО түлектері немесе жұмыс тәжірибесі жоқ NEET санатындағы жастарды жұмысқа орналастыруға бағытталған», - деді спикер.