25.11.2022 _ 14:30

О. Ордабаев: Электрондық еңбек биржасында жарияланған вакансиялар бойынша 445 мыңнан астам азамат жұмыс таба алды

Бүгінгі таңда ұлттық жобалардың барлығы цифрландырылған. Электрондық еңбек биржасы жұмыс орындары мен зейнетақы аударымдарына мониторинг жүргізумен қамтылған. Қазіргі кезде Электрондық еңбек биржасында қажетті жұмыс орындарын табу, жаңа дағдыларды игеру, жұмыспен қамту бағытындағы мемлекеттік қызметтерді алу, жеке кәсібін ашу сияқты басқа да қызмет түрлері бұқара халыққа қолжетімді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев хабарлады.

«Электрондық еңбек биржасында 718 мыңнан астам жұмыс беруші 1 млн 977 мыңға жуық жұмыс іздеуші тіркелген. Порталда жарияланған вакансиялар бойынша  445 мыңнан астам азамат өзіне қажетті жұмыс таба алды. Бүгінде Электрондық еңбек биржасы өзінің бірыңғай цифрлық экожүйе немесе жұмыспен қамту саласындағы онлайн қызмет көрсету порталына айналды. Порталға жұмыс іздеудің тиімділігін арттыру мақсатында еліміздегі 207 халықты жұмыспен қамту орталығы, 44 жеке жұмыспен қамту агенттігі және 5 онлайн жұмыспен қамту алаңы қосылған. Оны халыққа қолжетімді ету арқылы азаматтардың жұмыспен қамту орталықтарына тікелей жүгіну қажеттілігі жойылды. Жыл сайын ЭЕБ-да орта есеппен 800 мың бос жұмыс орны және 600 мың түйіндеме орналастырылып, 400 мыңға жуық азамат онлайн форматта жұмыс таады», - деді спикер. 


Бұдан басқа, жаңа дағдыларды игеру және біліктілігін арттыру мақсатында аталған порталда онлайн оқыту жүйесі  Skills.enbek.kz  платформасы іске қосылған. Қазір платформада 23 кәсіби саланы  110 кәсіпті және 230 дағдыны қамтитын 162 онлайн курс қолжетімді. Бүгінде 133 мың қазақстандық осы мүмкіндікті пайдаланып, оқудан өтіп, сертификат алды.