25.11.2022 _ 14:40

Электрондық еңбек биржасы – халықты жұмыспен қамту мәселесін шешудің тиімді құралы

Электрондық еңбек биржасында business.enbek.kz портал арқылы азаматтар кәсіпкерлік білімін жетілдіріп, өз кәсібін ашу үшін мемлекеттік грант ала алады. Ол үшін үміткер электронды цифрлық қолтаңбасын пайдалану арқылы тіркеліп, шарттарға сәйкестігін автоматты түрде тексеруден өтуі қажет. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, бүгінде 90 мыңнан астам адам «Бастау бизнес» онлайн курсынан өтіп, 67 мыңнан астам азаматтан өтінім қабылданды, сондай-ақ 21 мыңнан астам азаматқа 400 АЕК дейінгі көлемде грант берілді. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев осындай көрсеткіштерді келтіріп өтті.

«Электрондық еңбек биржасының тағы бір артықшылығы – еңбек ресурстарының ел ішіндегі қозғалысына мониторинг жүргізу мүмкіндігі. Соңғы үш айдың өзінде өңірлер арасындағы еңбек ресурстарының ағыны, ұлттық жобаларда көрсетілген бос жұмыс орны саны 5,8 мыңнан асты, ЭЕБ-ның мүмкіндігін пайдалана отырып, азаматтар басқа өңірлерден өз кәсібіне сәйкес жұмыс тауып орналасқан. Олардың басым бөлігі Астана, Алматы қалалары мен Қарағанды, Ақмола, Түркістан облыстарына тиесілі болып отыр. Өңірлер арасындағы ауыс-түйістің 58% осы бағыттың еншісінде. ЭЕБ халықты жұмыспен қамту мәселесін шешудің тиімді құралына айналып отыр», - деді вице-министр.