07.12.2022 _ 13:15

Елімізде 9 қалада атмосфералық ауаның ластану деңгейі жоғары

Экологиялық мониторинг нәтижелері бойынша 45 өнеркәсіптік қала мен мегаполистен 9 қала атмосфералық ауаның ластануының жоғары деңгейіне жатады. Бұл Астана, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен және Шымкент қалалары. Өткен жылы мұндай қалалардың саны 10 болды. Алайда, осы жылдың басында жоғары деңгейден орта деңгейге өткен Жезқазған қаласы тізімнен шығарылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР ЭГТРМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасов хабарлады.


Оның айтуынша, еліміздің экологиясына қандай да болмасын әсерді, ең алдымен, бизнес қауымдастық тигізеді. Қоршаған ортаны қорғау мәселесі кез келген өндірістің бүкіл өмірлік цикліне әсерін тигізеді, бұлар: су объектілері, топырақ, ауа, өсімдіктер мен жануарлар әлемі. Осы мәселелердің кез келгенін елемеу қандай болмасын компания үшін тар мойынға айналуы мүмкін, өйткені нәтижесінде айыппұлдар, нұсқамалар және ең бастысы кәсіпорын рейтингінің төмендеуі орын алуы ықтимал. 


«Алайда, қазір бизнес қоғам көңіл-күйінің жасыл салаға қарай өзгергені байқалады. Бұрын компаниялардың экологияға әсер ету мәселесінің басымдығы төмен болса, қазіргі кезде, керісінше, табиғатты қорғау тәуекелдері бизнестің беделіне әсер етеді. Сондықтан бүгінгі кезде бизнес өкілдерінің өздері табиғаттың игілігі үшін экологтармен бірігіп жұмыс істеуге тырысады. Отандық ірі бизнес өкілдерінің қатарына Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В. (NCOC), «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС, «АрселорМиталл Теміртау» АҚ, Казцинк, Ақтөбе мұнай Газ СНПС, ERG компаниялар тобы секілді өнеркәсіптер кіреді. Олардың әрқайсысы экологияға жеке әсер ететіні бәрімізге белгілі. Бұл компаниялар орналасқан өңірлердің тұрғындары күн сайын олардың әсері туралы, соның салдарынан облыс экологиясының нашарлауы туралы шағымдарын айтады. Алайда біздің тараптан тиісті түрде шаралар қабылданып жатыр», - деді спикер.