07.12.2022 _ 14:25

Қазцинк шығарындыларды азайту стратегиясын әзірледі. Оны іске асыруға 100 млн доллардан астам қаражат жоспарланған

«Казцинк» ЖШС Өскемен қаласы шығарындыларының негізгі көздерінің бірі болып табылады. Кәсіпорынның ауаның ластануына қосқан үлесі қаланың жалпы шығарындыларының 47%-ын құрайды. Кәсіпорын нормативтердің 4,9%-ға қысқаруын ескере отырып, қоршаған ортаға эмиссияларға 2023 жылға экологиялық рұқсат алды. Қазцинк - құрамына Өскемен металлургия кешені, Риддер тау-кен байыту кешені, Риддер металлургия кешені, Алтай тау-кен байыту кешені кіретін ірі қазақстандық металлургия кешені.
Иллюстративное фото с сайта inbusiness.kz

«2022 жылы компанияның барлық төрт кешеніне қатысты ШҚО бойынша экология департаменті жоспардан тыс тексерулер жүргізді. Тексеру нәтижелері бойынша мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындыларының жобалық шешімдерінен ауытқу; тазарту құрылыстарының жұмыс қағидаларын бұзу; ағынды сулардағы төгінділер нормативтерін асыру; қалдықтарды мамандандырылған ұйым болып табылмайтын компанияға кәдеге жаратуға беру жағдайлары анықталды. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымдар берілді және жалпы сомасы 10 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Сонымен қатар биыл «Казцинк» ЖШС Өскемен металлургия комбинатының қызметіне 4 тексеру жүргізілді. Тексеру барысында қолайсыз метеожағдайлар кезеңінде эмиссияларды қысқарту жөніндегі талаптардың сақталмауы, желсіздену кезеңінде эмиссиялар нормативтерінің асып кетуі анықталды. Анықталған бұзушылықтар үшін жалпы сомасы 35 млн теңгеге 35 айыппұл салынды. «Казцинк» ЖШС табиғатты қорғау іс-шараларын іске асыруға 2022 жылы 7,5 млрд теңге жоспарланған. Сонымен қатар, шығарындыларды азайту стратегиясы әзірленді, оны 2025 жылға дейін іске асыру үшін 100 млн доллардан астам қаражат жоспарланған. Іс-шараларды іске асырудан күтілетін нәтиже күкірт диоксиді шығарындыларын 20%-ға қысқартуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті ОКҚ алаңында өткен брифингте ҚР ЭГТРМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасов.  


«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасына сәйкес «Казцинк» ЖШС Өскемен металлургиялық кешені эмиссия көлемін 20%-ға төмендету бойынша міндеттемелер алды. Шығыс Қазақстан облысының экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі Жол картасына Риддер металлургиялық кешенінде атмосфералық сілтісіздендіру цехын салу жөніндегі іс-шаралар кірді, бұл күкірт диоксиді шығарындыларын 714 тоннаға немесе ағымдағы нормативтер деңгейінен 20%-ға қысқартуға мүмкіндік береді.