Шараға Еуропалық Одақтың Қазақстандағы өкілдігінің басшысы, Австрия, Бельгия, Болгария, Германия, Италия, Нидерланды, Португалия, Словакия, Финляндия, Хорватия, Чехия және Швеция елшілері, сондай-ақ ҚР орталық мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, денсаулық сақтау – Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты арттыру үшін келешегі зор салалардың бірі.
«Қазақстан мен Еуроодақ алдында медицина және фармацевтика салаларындағы әріптестікті нығайту үшін кең мүмкіндіктер ашылды. Біз өзара ынтымақтастыққа және алдымызда тұрған міндеттерді бірлесіп шешуге дайынбыз», — деді Әлихан Смайылов.
Отырысқа қатысушылар сала қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, медициналық мекемелерді басқару, дәрі-дәрмектерге баға белгілеуді реттеу, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, сондай-ақ жалпы денсаулық сақтау жүйесін дамыту мәселелерін талқылады.
Шара аясында «сұрақ-жауап» сессиясы өтті, оның барысында орталық мемлекеттік органдардың өкілдері шетелдік әріптестердің қызықтырған тақырыптары бойынша сауалдарына жауап берді.
Отырысты қорытындылай келе, Премьер-Министр Үкімет алдағы уақытта өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту жөніндегі қадамдарды әзірлеу және іске асыру үшін келіп түскен ұсыныстарды жедел қарайтынын атап өтті.