08.12.2022 _ 14:10

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы аясында белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр

Биыл 2 ақпанда Президент Жарлығымен бекітілген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы аясында белсенді жұмыстар атқарылуда. Аталған Тұжырымдаманы әзірлеу кезінде, бірінші кезекте азаматтардың үміттері мен талаптары ескерілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов хабарлады.

«Біз қылмыстық істерді анықтау, одан әрі тергеу, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу қағидатын ұстанамыз. Биылдан бастап әр өңірде тұрғындардың жеке тұрмысына байланысты қандай тәуекелдер, проблемалар барын, көптен бері шешімін таппай жүрген экология, білім беру, жол, су, электр қуаты т.б. салалардағы мәселелерді анықтап, азаматтық қоғам өкілдерімен бірлесіп өңірдің жол картасы әзірленді. Сол картаға сәйкес, агенттік өңірлік департаментпен, атқарушы органдармен, мемлекеттік ұжымдардың өкілдерімен бірлесіп, негізгі алдын алу құралдары – мониторинг пен талдау жұмыстарын атқарады. Әр облыста анықталған тәуекелдерді жою мәселелері тиімді атқарылды», - деді спикер.