08.12.2022 _ 14:30

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдер жол құрылысында көп – С. Ахметжанов

2023-2025 жылдар аралығында жолдарды орташа жөндеуге 643 млрд теңге бөлу жоспарланған. Барлық жүргізілген жол жұмыстарының шамамен 73%-ы жөндеудің осы түріне жатады. Талдау көрсеткендей, бұл жерде жұмыс сапасына әсер ететін сыбайлас жемқорлық тәуекелдері көбірек. Ахуал туралы ОКҚ алаңында өткен брифингте ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов айтып берді.

Біріншісі – іріктеп бақылау. Техникалық қадағалау тапсырыс берушінің қалауымен жүзеге асырылады, ал авторлық қадағалау және сәулет-құрылыс бақылауы мүлдем қарастырылмаған. Екіншісі – мүдделер қақтығысы. 


«Көп жағдайда тапсырыс беруші мердігердің де, техникалық қадағалаудың да шарттық міндеттемелерінің орындалуын бақылайды. Нәтижесінде объектіні қабылдау және бюджетті игеру кезінде мүдделер қақтығысы туындайды. Үшіншісі – құрылыс процесіне қатысушылардың үлестес болуы. Техникалық қадағалау маманы бір уақытта мердігер компанияда жұмыс істеуі мүмкін. Талдау негізінде осы фактілер бойынша ұсынымдар әзірленді және қазіргі уақытта Үкіметтің уәкілетті органдары мен ЖАО шешімін тауып, жойылуда», - деп атап өтті спикер.