08.12.2022 _ 15:00

Бағасы 7 есе жоғары. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ШҚО-да 140 млн теңгеге трактор сатып алуға жол бермеді

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің орталық аппараты деңгейінде кешенді талдаулар мен мониторинг жүргізіледі. Негізгі міндет –жоспарлау кезеңінде тауарлардың құнын жасанды түрде көтерудің алдын алу. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен брифингте ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов хабарлады.

«Мысалы, Жамбыл облысындағы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі LED-экран сатып алуға 61,2 млн теңге бөлген. Ал, LED-экранның орташа құны шамамен 40 млн теңгені құрайды. Бірлескен ұсынымның негізінде бұл сомалар түзетіліп, басқа әлеуметтік маңызды қажеттіліктерге бағытталды. ҚР АШМ «Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС 143 млн теңгеге трактор сатып алмақ болған. Ұсынымнан кейін мемлекеттік сатып алу жоспарларындағы сома 22 млн теңгеге дейін төмендетілді, тиісінше шамамен 120 млн теңге үнемделді», - деді спикер мұндай жұмыстың мультипликативтік әсеріне тоқтала келе. Ұсынымдар мен проблемаларды зерделеу қорытындысы бойынша ведомство заңнамалық деңгейде түзетулер енгізуге бастамашылық жасайды.