Депутаттардың қарауына елорда әкімі лауазымына Берік Оралұлы Жакенов пен Жеңіс Махмұдұлы Қасымбектің кандидатуралары ұсынылды.
«Осыған байланысты тұрғындарды сапалы ауыз сумен, электрмен, жылу қуатымен жабдықтау, әлеуметтік нысандарын жаңғырту мәселелерін шешу – жергілікті атқарушы биліктің алдына қойылатын басым міндеттер», — деді Премьер-Министр.
Әлихан Смайылов соңғы жылдары Астананың әлеуметтік инфрақұрылымына, атап айтқанда, ауруханалар мен мектептерге жүктеме артқанын атап өтті. Осыған байланысты мемлекет осы мәселелерді шешу бойынша шаралар қабылдап жатыр. Мысалы, «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасы аясында елордада алдағы жылдары 44,4 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы 24 мектеп ашылады.
Басқа маңызды бағыттар ретінде Премьер-Министр тұрақты жұмыс орындарын құра отырып, ірі инвестициялық жобаларды іске қосуды және кәсіпкерлік қызметті жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасау керек екенін айтты.
«Шағын және орта бизнес экономикалық өсудің берік драйвері болу керек. Егер бұрын Астана мемлекеттік қызметшілердің қаласы болса, қазір ол – кәсіпкерлердің қаласы. Елорданың әрбір үшінші тұрғыны шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейді. Осыған орай бизнеске кедергі келтіретін барлық қиындықтарды жою қажет», — деді ол.
Сонымен қатар Премьер-Министр сапалы азық-түлік өнімдерін өндіру көлемін ұлғайту, өзекті экологиялық мәселелер мен нөсер кәріз жүйесінің жұмыс істеуі бойынша проблемаларды шешу қажеттігін атап өтті.
«Жергілікті атқарушы органдардың жұмысы халықпен нәтижелі диалог негізінде құрылып, өңірдің ары қарай дамуына және тұрғындардың әл-ауқатын көтеруге бағытталуы керек», — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.