13.12.2022 _ 14:30

Шетелде тұратын этникалық қазақтардың әлеуетін пайдалану мақсатында «Ата жолы» картасын енгізу ұсынылады

Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР ЕХӘҚМ жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді және оны бөледі. Былтырғы жылға қарағанда бұл көрсеткіш 7 мыңға азайды. Қазіргі уақытта 21 мың квота бекітілсе, нақты 14 900 адам шетелден келіп рұқсат алып жұмыс істеп жатыр. Олар жұмыстарын одан әрі атқарып, мерзімі біткен кезде елден шығару мәселесі қаралатын болады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР ЕХӘҚМ Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Испанов хабарлады.

Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасының тағы бір бағыты - этникалық көші-қонды реттеу. Бұл бағыт бойынша негізгі екі мәселе бар.

«Біріншісі – шетелде тұратын этникалық қазақтардың әлеуетін пайдалану. Осы мақсатта «Ата жолы» картасын (америкалық Грин картаға ұқсас) енгізу ұсынылады. Аталған құжат жоғары деңгейдегі кәсіби маман немесе өз елдерінде бизнес-кейстерді сәтті іске асырған әрі оларды Қазақстанда жүзеге асыруға ықылас білдірген ұлты қазақ азаматтарға берілетін болады. Тарихи Отанын дамытуға қосқан үлесі үшін оларды жыл сайынғы «Парыз» байқауы аясында Президент сыйлығымен  марапаттау ұсынылып отыр. Екінші – елге келетін қандастар көші-қонын реттеу тетіктерін жетілдіру. Яғни, еліміздегі демографиялық және экономикалық үрдістерді ескере отырып, құжаттарды ресімдеудің алғашқы кезеңінде қандастарды еңбек күші тапшы өңірлерімізге қоныстануға қосымша ынталандыру ұсынылады», - деді спикер.

Оның айтуынша, елімізде 500 астам босқын, 700 аса пана іздеуші азамат бар. олардың жұмысын Біріккен ұлттар ұйымы стандарттарына сай сәйкестендіру көзделген. Бұл босқындармен жұмыс бағыты бойынша жүзеге асырылады.

 «Қазіргі уақытта комитет босқындармен жұмысты үйлестіруде. Бұл жұмыстар жергілікті атқарушы органдармен және ішкі істер органдары қызметтерімен бірге одан әрі жалғасады. Ең бастысы, елге келіп тұруын заңдастыру және өз елдерінде жағдай жақсарған кезде қайтару мәселесі қолға алынатын болады. Еңбек мигранттарын реттеу бағыты Қазақстан азаматтарының шетелге шығуына қатысты. Бұл – жаһандық үрдіс. Біздің еліміз де одан шет қалмады. Сондықтан өз азаматтарымыздың еңбек құқықтарын қорғау мәселесі екіжақты мемлекетаралық келісімшарттар арқылы реттеу мәселесі тұжырымдамада қаралған. Екі ел қол қойған келісімшарттың арқасында елшіліктердің қызметкерлері азаматтарымызға көмектеседі», - деді Испанов.