14.12.2022 _ 13:53

ҚР Президентінің тапсырмаларын орындау: 2023 жылы 260 заң ревизияны ескере отырып қайта қаралады

ҚР Үкіметінің отырысында Президент Қ. Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын және 2022 жылғы 12 желтоқсандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген тапсырмаларды іске асыру жөніндегі шаралар қаралды. Құқықтық саладағы тапсырмалардың іске асырылуы туралы ҚР Әділет министрі Қанат Мусин баяндады.

ҚР Президентінің сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес Әділет министрлігі жауапты орган болып табылатын 7 тармақ көзделген. Осы тапсырмаларды іске асыру үшін Әділет министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп үш бағытта жұмыс жүргізуде.

Бірінші бағыт – конституциялық реформа шеңберінде жүзеге асырылған бастамаларды және онымен тікелей байланысты өзге де бастамаларды іске асыру жөніндегі жоспарлы жұмысты жалғастыру. 

«Бұл бағыт, ең алдымен, талдау жұмыстарын жүргізуді талап етеді. Өздеріңіз білетіндей, конституциялық реформа шеңберінде мемлекеттің құқық қорғау институттары күшейтілді, сайлау жүйесі қайта құрылды және сайлау процестері жетілдірілді. Енді азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың жаңа және жаңартылған институттарының қызметін талдау бойынша жұмыс жүргізіледі», — деді Қ. Мусин.

Екінші бағыт бойынша сот жүйесін реформалау бойынша нақты заңнамалық шаралар әзірленетін болады.

Азаматтық және әкімшілік сот ісін жүргізуді реформалау Парламент депутаттары бастамашылық еткен сот жүйесін реформалау жөніндегі заң жобасы шеңберінде пысықталды.

Қылмыстық сот ісін жүргізуді қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне жүргізіліп жатқан ревизия шеңберінде, ал әкімшілік құқық бұзушылық бойынша сот ісін жүргізуді Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс бойынша жеке заң жобасы шеңберінде реформалау ұсынылады.

Өз кезегінде медиация институтын және сотқа дейінгі талқылаулар жүйесін күшейту жөніндегі ілеспе тапсырмалар ағымдағы заң шығару жұмысы шеңберінде мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықталады. Нақты ұсыныстар Үкіметке белгіленген мерзімде енгізілетін болады.

Үшінші бағыт қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу кодекстерін тексерумен байланысты, оны қазір Әділет министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп, ғалым және заң қоғамдастығын тарта отырып жүргізіп жатыр.

Қазіргі уақытта аталған мәселелерді шешуге бағытталған тиісті заң жобасы әзірленуде және Үкіметтің 2023 жылға арналған заң жобалау жұмыстары жоспарының жобасына сәйкес келесі жылдың наурыз айында Парламенттің қарауына енгізіледі.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында заңнамалық актілерге нормалардың заңнамалық жағынан шамадан тыс регламенттелуі тұрғысынан ревизия жүргізуді тапсырды.

2023 жыл ішінде 260 заң ревизияны ескере отырып қайта қаралатын болады.

Кестені жақын арада бекіту жоспарлануда.

«Бүгінгі таңда мемлекеттік органдар жаңа тәсілдерді ескере отырып жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, мемлекеттік органдар өз ережелерінде заңға тәуелді актілерді қабылдау жөніндегі функцияларды бекіте алады. Заңнамада бұл үшін алғышарттар жасалған», — деді әділет министрі.