Вице-министр геосаяси шиеленістердің артуы аясында Қазақстан халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысын сақтауды қолдатынын хабарлады. Аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, Қазақстанның жаһандық саясат субъектісі ретіндегі рөлін арттыру, сондай-ақ шетелде ұлттық мүдделерді қорғау негізгі міндеттер болып қалады.
АӨСШК 2024 жылға қарай толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру жөніндегі жұмыс жалғасады. 2023-2024 жылдары Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық етеді.
«Қазақстан ядролық қарусыздануды және жаппай қырып-жою қаруын таратпау режимін сақтайды. Осы тұрғыда Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің үшінші кездесуінде Қазақстанның төрағалығына дайындық жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысының БҰҰ қамқорлығымен Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы бастамасын іске асыру жалғасатын болады», — деді Қ. Омаров.
Екіжақты қатынастарда көрші мемлекеттермен және ТМД, ЕАЭО, ҰҚШҰ және т.б. интеграциялық бірлестіктер бойынша серіктестермен өзара тиімді ынтымақтастық пен стратегиялық әріптестікке назар аударылады. АҚШ, ЕО, Азия, Таяу Шығыс және Закавказье елдерімен, сондай-ақ барлық мүдделі мемлекеттермен ынтымақтастық дамитын болады.
2029 жылға дейін кемінде $150 млрд тікелей шетелдік инвестициялар тарту туралы тармаққа қатысты, нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында тартылатын ТШИ көрсеткіштерін оң өсу серпінімен жылдар бойынша бөлу көзделіп отыр. Бұл ретте 2023-2026 жылдардағы болжамды көрсеткіштер 2026 жылға дейінгі Инвестициялық саясат тұжырымдамасына сәйкес келеді.
Жыл басынан бері шетелдіктердің қатысуымен жалпы құны $3,7 млрд құрайтын 36 инвестициялық жобаны пайдалануға беру қамтамасыз етілді, 3,8 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Тағы 5 жоба іске қосылады деп күтілуде.
Экономиканың түрлі салаларында инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулымен жұмыс жүргізілуде. Бұл әлемнің 30-дан астам еліндегі жалпы сомасы 29,75 трлн теңгелік 850 жобаға қатысты. 130 мың жұмыс орнын құру көзделіп отыр.
Қазақстанға ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар мен халықаралық корпорацияларды релокациялау процесі жүріп жатыр. Бүгінгі таңда 62 компания бойынша нақты нәтижелер бар.
Сыртқы істер министрлігі Қазақстанды бірегей ұлттық мәдениеті бар, бейбітшілік, келісім, жақсылық, толеранттылық орнаған аумақ ретінде халықаралық аренада ілгерілету мәселесі бойынша 2023-2029 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын әзірледі. Атап айтқанда:
- Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің декларациясы аясындағы конфессияаралық келісім мен толеранттылықты;
- Қазақстанның антиядролық бастамаларын;
- шетелдік БАҚ-та өнер және мәдениет саласындағы жетістіктерді;
- еліміздің ұлттық салт-дәстүрлерін насихаттауға арналған іс-шаралар.