14.12.2022 _ 16:40

Қарсылық көрсетпеді. Арнайы прокурорлар өңірлік ПД және ҰҚК бұрынғы басшыларына қатысты істерді тергеуді аяқтады

Мемлекеттік және қоғамдық қауіпсіздік мүдделеріне қайшы, қарсылық көрсетпей, қызметкерлер қару-жарақ пен оқ-дәрілер орналасқан Алматы және Жамбыл облыстарының полиция департаменттерінің ғимараттарын тастап кеткен фактілері де орын алды. Сондай-ақ Алматы қаласы, Алматы және Қызылорда облыстары Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттерінің лауазымды тұлғалары да әрекетсіздік танытты. Болған оқиға туралы Бас прокуратураның 1 қызметі бастығының орынбасары Елдос Килымжанов ОКҚ алаңында өткен брифингте айтып берді.

«Осы фактілер бойынша арнайы прокурорлар тергеуді аяқтады, қазіргі уақытта қылмыстық іс материалдарымен танысу рәсімі жалғасуда. Сонымен қатар қауіпсіздік күштері тарапынан тергеудің рұқсат етілмеген әдістерін қолдану фактілері тіркелді. Қазір ұсталғандарға дене жарақатын келтірген Алматы облысы полиция департаментінің бірқатар қызметкерлеріне қатысты сот процесі жүріп жатыр. Процесс бұқаралық ақпарат құралдарын тарта отырып, ашық форматта өтетінін атап өткім келеді. Күдіктілерге қатысты түрлі бұлтартпау шаралары, оның ішінде қамауда ұстау да қолданылды», - деп баяндады Бас прокуратура өкілі.