Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев биылғы жылдың үшінші тоқсанында республика бойынша қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 24%-ды құрағанын баяндады. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді (2020 – 18%, 2021 – 21%) және 2025 жылға қарай 30%-дан асуы керек.
Оның айтуынша, бүгінде елімізде 3 005 ҚТҚ полигоны жұмыс істейді, бұдан бөлек Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында тағы 20 полигон салу жоспарланып отыр. Әртүрлі кезеңдерде қоқысты бөліп жинау 142, ал сұрыптау 101 елді мекенде енгізілді.
Премьер-Министр қолданыстағы полигондардың ішінде тек 630-ға жуығы ғана (21%) экологиялық және санитарлық нормаларға сай екенін атап өтті. Сондай-ақ Үкімет басшысы жылына 4-4,5 млн тонна тұрмыстық қалдықтар жиналатынын, алайда жергілікті атқарушы органдар қоқыс жинау жұмысын тиісті деңгейде ұйымдастыра алмай отырғанын айтты.
«Бұл үрдіс стихиялық полигондардың пайда болуына алып келеді, оларды жою үшін бюджет қаражаты жұмсалады. Атап айтқанда, құрылыс қалдықтарын қайта өңдеуге арналған инфрақұрылым Қостанай облысы мен елордада ғана ұйымдастырылған. Қалған аймақтарда ондай инфрақұрылым жоқ», — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Премьер-Министр қалдықтардың барлық түрін қайта өңдеуді ынталандыру, 5 000-нан 10 000 адамға дейін тұратын елді мекендер үшін полигондардың үлгілік жобаларын әзірлеуді жеделдету, сондай-ақ жаңа Қала құрылысы кодексі аясында құрылыс қалдықтарының айналымы жөніндегі норманы қарастыру қажеттігін атап өтті.
Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев баяндады.
Премьер-Министр бұл тәсілдерді қолдап, тұрғын үй секторына бірінші кезекте назар аудару қажеттігін атап өтті.