19.12.2022 _ 10:54

Теміртауда кезекте тұрған 90 отбасы баспана алды

Тәуелсіздік күні қарсаңында Теміртаудан 90 отбасы жаңа қоныстанушы атанды. Жаңа үй «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынды, Қарағанды облысы әкімдігінің сайты хабарлайды.

Кезектегілерге пәтер кілттерін Теміртау қаласының әкімі Ораз Тәуірбеков тапсырды. 

– Азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мәселесі біз үшін басым міндеттердің бірі болып табылады. Биыл біз өз жоспарымызды орындадық. 200-ден астам пәтер пайдалануға беріліп, олардың кілттері табысталды, – деді Ораз Тәуірбеков.

Бес қабатты үй 4а орамында орналасқан. Алты кіреберісте 1, 2 және 3 бөлмелі пәтерлер орналасқан.

– Мен пәтер алатынымды естігенде керемет қуандым. Баспана алуға 10 жыл кезекте тұрдым. Бұған дейін балаларыммен бірге біресе туысқандарымыздың үйінде, біресе пәтер жалдап тұрдық. Үйіміз жақсы, барлығы жақын: мектеп, дүкен, аялдама, – дейді Жансұлу Көшмаханова.

Үш бөлмелі пәтер Светлана Романюктің де отбасына бұйырды. Ол 14 жылдан астам уақыт кезекте тұрған.

– Мен анда-санда еgov.kz-ке кіріп, кезектің қаншалықты жылжып жатқанын тексеріп отыратынмын. Төртінші болғанымды көргенде, пәтер аламын деп үміттендім. Мен бес бала тәрбиелеймін, олардың екеуі ерекше. Жалдамалы пәтерлерден көшіп-қонып жүру қиын болды. Ақтауда да, Теміртауда да, Сұрыптауда да пәтер жалдап тұрдық. Енді міне өз баспанамыз болады, – дейді Светлана Романюк.

Бүгінде Теміртауда 2700-ге жуық адам тұрғын үй алуға кезекте тұр.