19.12.2022 _ 11:20

Биыл жалпы сомасы шамамен 2 млрд теңгеге 60 гранттық жоба іске асырылды.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҮЕҰ гранттық қаржыландырудың жаңа тәсілдері туралы баяндады. Қазіргі уақытта ҮЕҰ-ды мемлекеттік қаржылық қолдаудың үш негізгі бағыты бар.
Иллюстративное фото с сайта inbusiness.kz

«Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс – 2005 жылдан бастап іске асырылып келе жатқан мемлекет пен ҮЕҰ өзара іс-қимылының әлеуметтік жобаларды іске асырудағы тиімді тетіктердің бірі. Бұл ретте қаржыландыру көлемі соңғы 5 жылда 20%-ға артты, жыл сайын әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша орта есеппен 2 мыңға жуық жоба іске асырылуда. Екінші бағыт – сыйлықақылар республикалық, салалық және өңірлік деңгейлердегі әлеуметтік міндеттерді шешуге қосқан үлесі үшін 2017 жылдан бастап ҮЕҰ-ға беріліп келе жатқан ақшалай сыйлықақы. 2022 жылы сыйлықақылар жалпы сомасы 95 млн теңгеге 14 бағыт бойынша 54 ҮЕҰ-ға берілді. Үкіметтік емес ұйымдарға арналған грант – әлеуметтік саланы дамытудың өзекті мәселелерін шешуге үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін тарту мақсатында берілетін қаражат. Ол гранттық қаржыландыру саласындағы оператор – Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы арқылы жүзеге асырылады», - деді комитет төрағасы.


Оның айтуынша, жалпы, гранттарды іске асыру кезеңінде 2016 жылдан бастап гранттық қаржыландыру көлемі 10 есе ұлғайды, жобалар саны 6 есе өсті. Биыл жалпы сомасы шамамен 2 млрд теңгеге 60 гранттық жоба іске асырылды.