19.12.2022 _ 14:30

Е. Оспанов: Отбасының цифрлық картасы арқылы 10 мемлекеттік қызмет проактивті түрде көрсетілді

Елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылдың 1 қаңтарында «Отбасының цифрлық картасы» жобасы іске асырыла бастайды. Биыл 1 қыркүйекте ол пилоттық режимде іске қосылды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

«Бүгінде барлық азаматтар мемлекеттік қолдау шараларын уақытылы ала бермейді. Жағдайды түзету үшін «Отбасының цифрлық картасы» енгізілді. Бұл қызмет отбасының әл-ауқатын автоматты түрде анықтауға және мемлекеттік кепілдіктерді белсенді түрде ұсынуға мүмкіндік береді. Бұл әлеуметтік қолдау шараларын көрсетудің өтініш форматынан анықтау форматына көшуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда «Отбасының цифрлық картасы арқылы 10 мемлекеттік қызмет проактивті түрде көрсетіледі, ол қызметтерді 12 мыңнан астам адам алды. Биыл жоба оң нәтиже көрсетуде. 2023-2024 жылдар аралығында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрліктерінің қызметтері кезең-кезеңімен осы форматқа ауыстырылмақ. Жалпы 2025 жылы халыққа, азаматтарға, отбасыға қатысты мемлекеттік қызметтерді осы форматқа ауыстыру жоспарланып отыр», - деді Оспанов.