19.12.2022 _ 14:40

Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз ету көрсеткіші 85%-ды құрады

Мүгедектікті сырттай белгілеуді енгізу бойынша пилоттық жоба өткен жылдың қазан айында іске қосылған болатын. Бұрын мүгедектікті белгілеу үшін төрт түрлі инстанцияға яғни емхана, МӘС бөлімі, ХҚКО, әкімдікке жүгіну қажет болса, жаңа формат шеңберінде азамат қызметті алу үшін тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгінеді, қалғанының бәрі оның қатысуынсыз, ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен болады. Барлық деректер тиісті мемлекеттік органдарға беріледі, ал сарапшылар қажетті шешімдер қабылдайды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.

«Жыл сайын 250 мың адам мүгедектігін растайтын болса, биыл 52 мыңы, яғни 21%-ы осы қызметті сырттай проактивті форматта алды. Бұл адами факторды, қағазбастылықты және түрлі мекемелерге баруды жойды. Сонымен қатар арнайы әлеуметтік қызметтер, оңалтудың техникалық құралдарын ұсыну, жеке көмекшінің қызметтері және т.б. сияқты мүгедектігі бар адамдарға қажетті қызметтердің басым бөлігін Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы алуға болады. Ол бес бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Жалпы 260 мың адам бүгінде оңалту құралдарына мұқтаж. 420 мыңға жуық мүгедектігі бар азаматтың оңалту қызметін алуға құқығы бар. Мәселен, енгізілгенге дейін 2019 жылы 292 мыңына тиісті қызмет көрсетілген, ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 371 мыңға дейін ұлғайды. Биыл 11 айының қорытындысы бойынша қажеттілік 85%-ға орындалды», – деді Оспанов.


Әлеуметтік қызметтер порталы мүгедектікті белгілеу мен оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін алу арасындағы мерзімді айтарлықтай қысқартуға септігін тигізді.