22.12.2022 _ 14:30

Қолайсыз мазмұнды қамтитын және бұғаттауға ұсынылатын сайттардың «қара каталогы» жасалды – Қ. Баймульдинов

Әлеуметтік зерттеулерге сәйкес ата-аналардың 71,8%-ы балаларды тәрбиелеу процесінде балалардың гаджетке, әлеуметтік желіге, интернетке тәуелділігі өзекті мәселе деп санайды. Осы мәселе ескеріліп, гранттық қаржыландыру шеңберінде «Жастар мен балалар арасында интернетке тәуелділік пен құмар ойындардың алдын алу» әлеуметтік жобасы іске асырылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында АҚДМ Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Баймульдинов хабарлады.

Жобаның мақсаты – жастарды интернет-кеңістікте қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелеріне үйрету, интернет-тәуелділіктің және құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алу үшін жағдай жасау.


«Жоба аясында бірқатар жұмыс жүргізілді. Атап айтқанда, жастар мен балалар арасында фокус-топтардың сауалнамасын ұйымдастыру және өткізу және интернетке тәуелділік, құмар ойындар және кибербуллинг деңгейі жоғары өңірлерді анықтау үшін өңірлерде үйлестірушілер тағайындалды, олар өз кезегінде 500-ден астам адамның қатысуымен 34 фокус-топтық талқылаулар өткізді. Ақпараттық курстар мен жобаларды іске асыру, жастарды интернет-кеңістікте қауіпсіз жүріс-тұрыс қағидаларына оқыту, кибербуллингтің, интернет-тәуелділіктің және құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру материалдарын әзірлеу мақсатында бейне нұсқаулықтар әзірленді және ұйымның әлеуметтік желілеріндегі парақшаларда жарияланатын болады. Сонымен қатар желіде құмар ойындары бар сайттарды анықтау бойынша мониторинг жүргізіліп, нәтижесінде пайдаланушының «ата-ана бақылауы» жеке кабинеттерінде бұғаттауға ұсынылған 16 сайт анықталды. Қолайсыз мазмұнды қамтитын және бұғаттауға ұсынылатын сайттардың «қара каталогы» жасалды», - деді спикер. 


Бұдан бөлек, интернет-тәуелділіктің, балалар мен жастарға арналған кибербуллингтің алдын алу бойынша онлайн курс әзірленді және өткізілді, оған өңірлерден 200-ден астам адам қатысты. Онлайн-курсқа қатысушылардың орташа жасы 17 жасты құрады, ал барлық қатысушылардың 80% бұрын кибербуллинг пен интернетке тәуелділіктің алдын алу бойынша онлайн оқытуға қатыспаған.