23.12.2022 _ 14:10

2022 жылы балаларға аналған медициналық көмекті қаржыландырудың жалпы көлемі 560 млрд теңгені құрады

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында балалар жылының қорытындылары туралы айтып берді.

Балалар денсаулығына тоқталған В. Дудник балаларға медициналық көмек көрсетудің көп деңгейлі тәсілін атап өтті.

«Амбулаториялық көмек 5690 МСАК объектісінде көрсетіледі. Стационарлық көмек үшін 204 орталық аудандық аурухана базасында, 10 қалалық және 13 облыстық балалар ауруханасында 8 130 балалар төсек-орны орналастырылды. Республикалық деңгейде үш негізгі орталықта - Астана қаласындағы Ана мен бала ғылыми орталығында, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында және Алматы қаласындағы Ақсай университеттік клиникасында 815 төсек-орын бар», - деді Денсаулық сақтау вице-министрі.

Сонымен қатар В. Дудниктің айтуынша, республикада 249 босандыру ұйымы жұмыс істейді, оның ішінде 39-ы - перинаталдық орталық, онда жаңа туған нәрестелерге көмек көрсету үшін 140 төсек-орын орналастырылған.

«Еліміздегі балаларды оңалту орталықтарының саны - 49. 2022 жылы еліміздің емханаларында балалардың 118 млн консультативтік-диагностикалық қабылдауы өткізілді. Бұл ретте тәулік бойы жұмыс істейтін стационарларда 576 мың бала емделді. Биыл балаларға 100 мыңнан астам ота жасалды. 402 мың бала дүниеге келді», - деді спикер.

Бұл ретте, ел ішінде емдеу мүмкін болмаған жағдайда, балалар «Шетелде емдеу» бағдарламасы шеңберінде ем алады. 2022 жылы 71 бала шетелге жіберілді. Негізінен Түркия, Германия, Үндістан, Ресей елдеріне жіберілді.

«2022 жылы балаларға арналған медициналық көмекті қаржыландырудың жалпы көлемі 560 млрд теңгені құрады», - деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі.