23.12.2022 _ 15:30

Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес Қазақстанда 20 жұқпалы ауруға қарсы тегін вакцина салынады

Вакцинация әлемде инфекциялармен күресудің ең тиімді, үнемді және қол жетімді құралы болып танылды. Қазақстанда жыл сайын 5 млн-ға жуық адам, оның ішінде 1,3 млн бала егіледі. Бұл бағдарламаға мемлекет 30 млрд теңге көлемінде қаржы бөледі. Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес халықты вакцинациялау 20 жұқпалы ауруға қарсы тегін жүргізіледі. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник айтты.

Балаларды кепілдендірілген сапалы вакциналармен қамтамасыз ету мақсатында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сертификаттаған вакциналар сатып алынады. 

«2013 жылдан бастап Қазақстанға әкелінетін вакцинаның әрбір партиясын міндетті сертификаттау жүргізілуде. Жыл сайын ДДҰ ұсынған вакцинациямен қамту деңгейі кемінде 95% қамтамасыз етіледі. Бас тартқандардың үлес салмағы вакцинациялауға жататын адамдар санының 1%-нан кем. Егуден бас тартудың 5300 жағдайы тіркелді, бұл ретте түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 1 мыңнан астам адамның вакцинацияға деген көзқарасы өзгерді. Денсаулық сақтау жүйесі үшін соңғы жылдар өте қиын болды. Оның барлық ресурстары пандемиямен күреске бағытталды. Министрлік балалардағы COVID-19 ағымына ерекше назар аударды, 3 жыл ішінде 30 мың бала стационарлық ем алды», - деді спикер.