23.12.2022 _ 16:59

ҚР СІМ-де Қазақстанның ЮНЕСКО-ға мүшелігінің 30 жылдығына орай маркаға мөр басу рәсімі өтті

ҚР Сыртқы істер министрлігінің ғимаратында Қазақстанның БҰҰ Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымына (ЮНЕСКО) мүшелігінің 30 жылдығына орайластырылған пошталық маркаға мөр басу рәсімі өтті. Іс-шараға БҰҰ, ЮНЕСКО Кластерлік бюросының, «Қазпочта» АҚ өкілдері, сондай-ақ ҚР СІМ қызметкерлері қатысты, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Номиналы 900 теңгелік пошталық маркада 2003 жылы Қазақстан енгізген ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра объектісі Қожа Ахмет Яссауи кесенесі бейнеленген. Суретші – француз иллюстраторы Николас Журну. Аталған марка 10 000 дана тиражбен шығарылады.

1992 жылы 22 мамырда Қазақстан Республикасы БҰҰ Бас Ассамблеясының 46-шы сессиясының пленарлық отырысында ЮНЕСКО-ға мүшелікке қабылданды.

Ұйыммен ынтымақтастықты ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық комиссиясы үйлестіреді. Біздің мемлекет ЮНЕСКО қамқорлығымен 15 халықаралық конвенцияның тарапы болып табылады. «Әлем жады» деректі мұра тізіліміне 3 қазақстандық өтінім (Қожа Ахмет Яссауи мен оның шәкірттерінің қолжазбалары, «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының мұрағат материалдары, сондай-ақ «Арал теңізінің мұрағат қорлары») кірді, дүниежүзілік мұра тізімінде – 5 (Қожа Ахмет Яссауи кесенесі (2003 ж.), Таңбалы археологиялық ландшафттың петроглифтері (2004 ж.), Сарыарқа-Солтүстік Қазақстанның далалары мен көлдері (2008 ж.), Жібек жолы: Чаньань-Тянь-Шань дәлізі (2014 ж.), сондай-ақ Батыс Тянь-Шань (2016 ж.), материалдық емес мәдени мұра тізімінде – 13 («Ортеке», «Домбырада күй орындау өнері», «Қазақ күресі», «Асық ойыны», «Қазақ жылқышыларының дәстүрлі мерекелік көктемгі салт-дәстүрлері» ұлттық өтінімдері, Қырғызстанмен бірлескен «Киіз үй жасау дағдылары» және «Айтыс/Айтыш суырып салма өнері» номинациялары, сондай-ақ «Наурыз» көпұлтты өтінімдері (12 ел), «Сұңқар аулау» (24 ел), «Жұқа түркі наны» (5 ел), «Қорқыт мұрасы» (3 ел), «Тоғызқұмалақ» (3 ел), «Қожанасырдың әзіл әңгімелері» (7 ел), биосфералық резерваттар желісінде – 15, атаулы күндер күнтізбесіне 27 қазақстандық өтінім енді. Елімізде 5 ЮНЕСКО кафедрасы, 31 қауымдастырылған мектебі және 182 клубы жұмыс істейді.