24.12.2022 _ 11:24

Қазақстанда 5G үшін радиожиіліктеріне өткізілген аукционның екінші лоты аяқталды

Жеңімпаз болып «Кселл» АҚ және «Мобайл Телеком Сервис» ЖШС-нен құралған консорциум танылды, деп хабарлайды ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі.

2022 жылғы 23 желтоқсанда  мобильді байланыстың бесінші буыны (5G) үшін радиожиіліктерге ашық аукцион өткізілді. Онлайн сауда  «gosreestr.kz» электрондық сауда-алаңында ұйымдастырылды. Қатысушылар 5G технологиясына арналған 3700-3800 МГЦ (100 МГЦ) радиожиілік жолақтары бойынша бәсекеге түсті. 

Аукционның алғашқы бағасы 1 761 225 000 теңгеден басталды. 

Жеңімпаз ретінде «Кселл» АҚ және «Мобайл Телеком Сервис» ЖШС-нен құралған консорциум танылды. Олар рекордтық сома -  93,399 млрд теңге ұсынып, жеңіске жетті.

Онлайн сауда-саттық, аукционның ашық өтуіне септігін тигізе отырып, қатысушылардың арасындағы бәсекелестік ортаны қалыптастырды. Аукцион талаптарына сәйкес келетін ұйымдар ашық онлайн саудаға қатыса алды.

Аукционның екі лотының (№1 Лот және №2 Лот) қорытындысы бойынша қорытынды сома 156,069,425,590 теңгені құрайтынын атап өту маңызды, ол 5G технологиясын дамыту үшін республикалық бюджетке жіберілетін болады.

Сондай-ақ, 5G технологиясы мемлекет пен бизнес үшін интернет-сервистерді дамытудың артықшылықтарына ие және «Қолжетімді интернет» жаңа ұлттық жобасы шеңберінде телекоммуникация саласын дамытуға мүмкіндік береді, оның бір бөлігі:

  • талшықты-оптикалық байланыс желілерін шамамен 3000 ауылға жеткізу
  • республикалық және негізгі облыстық жолдар бойында оптика төсеу
  • АМС (Антенна діңгектік құрылым) құрылысы және шалғайдағы ауылдарға электр энергиясын жеткізу