2022 жылғы 11 шілдеде Қазақстан Республикасының Президенті «Құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру, құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің және әскери қызметшілердің әлеуметтік қорғалуын арттыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.
Жоғарыда көрсетілген заңмен «Құқық қорғау қызметі туралы» және «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңдарға толықтырулар енгізілді және оларды іске асыру үшін қызметкерлер мен әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қорғау шараларын көздейтін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 21 желтоқсандағы № 1047 және № 1048 қаулылары бекітілді.
Қаулы мыналарды:
Бірінші: еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнетақы төлемдерін алу құқығынсыз денсаулық жағдайы бойынша жұмыстан шығарылған азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілеріне қызметтік міндеттерін атқару кезінде алған мертігу (жарақат алу, жаралану, контузия алу) нәтижесінде соңғы атқарған лауазымы бойынша ақшалай қаражаттың елу пайызы мөлшерінде ай сайынғы ақшалай төлем көзделген.
Екінші: азаматтық қорғау органдарының қаза тапқан қызметкері мен әскери қызметшісінің отбасы мүшелеріне қызметтік міндеттерін атқару кезінде ай сайынғы ақшалай төлем де көзделген. Бұл ретте отбасы мүшелеріне жұбайы (зайыбы), сондай-ақ балалары кәмелетке толғанға дейін немесе күндізгі оқу нысаны бойынша жиырма үш жастан аспайтын шектерде оқу бітіргенге дейін жатады. Жұбайына (зайыбына) төлеу «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы» заңда көзделген асыраушысынан айрылу жөніндегі жәрдемақылардың төленуіне қарамастан өмір бойы жүзеге асырылады.
Азаматтық қорғау органдарының қаза тапқан қызметкері мен әскери қызметшісінің әрбір отбасы мүшесіне ақшалай төлем оның соңғы атқарған лауазымы бойынша ақшалай қаражаттың қырық пайызы мөлшерінде жүзеге асырылады.
Бұл ретте отбасының барлық мүшелеріне төленетін ақшалай төлемдердің ең жоғары мөлшері ақшалай қаражаттың жүз пайызынан аспауға тиіс.
Үш және одан да көп отбасы мүшелері болған жағдайда, әрқайсысына ақшалай төлемдердің мөлшері ақшалай қаражаттың жүз пайызының тең үлесі ретінде есептеледі.
Жоғарыда аталған ақшалай төлемдерді азаматтық қорғау органдары, яғни қызметкердің немесе әскери қызметшінің (ТЖМ, ТЖД, ӨСжәнеАҚЖҚ, АҚА, әскери бөлімдер) соңғы қызмет орны бойынша жүзеге асыратынын атап өткен жөн.
Сонымен қатар қабылданған қаулы 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған қатынастарға қолданылады.