Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2028 жылға дейінгі кезеңде республиканың 68 қаласында кәріз-тазарту құрылыстарын салу не реконструкциялау жоспарланып отырғанын баяндады.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек өңірлер бойынша кәріз-тазарту құрылыстарын жаңғырту жоспарлары туралы баяндады.
«Бүгінде еліміздегі кәріз-тазарту құрылыстарының тозу деңгейі 60%-дан асып кеткен. Ал кейбір қалаларда, тіпті 90%-дан асады. Олардың қатарында Көкшетау, Семей, Қонаев, Арқалық және басқа да қалаларды атауға болады», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының айтуныша, ірі қалаларда кәріз жүйелері өткен ғасырдың 50-70 жылдарында салынған, әбден ескіріп біткен. Сондай-ақ сарқынды сулардың көлемі де жыл сайын көбейіп келеді, оларды тазарту қиындап барады.
«Бұл мәселенің маңызы өте зор. Халықтың қалыпты тұрмысына ғана емес, экологияға әсері де аса маңызды. Әрбір жобаны іске асыруды қатаң бақылауда ұстау қажет», — деді Әлихан Смайылов.
Осыған байланысты Премьер-Министр бір ай мерзімде әрбір жобаны іске асыру кестесін бекіту және олардың орындалу барысы туралы Үкіметке тоқсан сайын хабарлап тұрудың, кәріз-тазарту құрылыстарының жобаларын уақытылы іске асыру үшін қажетті техникалық құжаттамаларды жедел әзірлеу мен бекітудің, сондай-ақ екі ай мерзімде халықаралық тәжірибені зерделеуді және тазарту құрылыстарының қалдықтарын одан әрі өңдеу жөнінде ұсыныстар енгізудің маңызын атап өтті.
«Дамыған елдерде қалдықтардан электр энергиясын, биогазды және тыңайтқыштарды алу технологиялары көптен қолданылып келеді. Бізде де оң тәжірибе бар – Шымкентте қалдықтар электр энергиясын өндіру үшін қайта өңделеді. Осындай тәсілдерді кеңінен тарату керек», — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.