29.12.2022 _ 09:30

Жауынгерлік даярлық. Жауынгерлік іс-қимылды жүргізудің жаңа тәсілдерін меңгеруге баса назар аударылды.

Қарулы Күштерде маңызды оқиғаға толы оқу жылы да аяқталды. 2022 жылы жеке құрамның далалық машығын арттыру және бөлімшелерді жауынгерлік үйлестіру мақсатында 200-ге жуық әртүрлі оқу-жаттығу, жауынгерлік машиналар мен автомобиль техникасын жүргізу бойынша 18 мыңнан астам сабақ өткізілді, 33 мыңнан астам, оның ішінде 11 мыңнан астамын түнгі уақытта жүргізумен жауынгерлік оқ ату ұйымдастырылды. 60 мыңнан астам маман даярланды. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов осындай мәліметтер келтірді.

«Түнгі және күндізгі уақытта, сондай-ақ кәдімгі және күрделі метеожағдайда оқу-жаттығу ұшуының саны артты. Бір ұшқыштың орташа ұшу сағаты 100 сағаттан астамды құрайды.  
Осы жылы Әскери-теңіз күштерінің кемелері 18 мыңнан астам теңіз милін жүзіп өтті. Әлеуетті құрылымдардың өзара іс-қимылы және бірыңғай қолбасшылық жасаумен әскердің әртүрлі ведомстволық тобын қолдану мәселесі пысықталуда. Мемлекеттік органдар іс-қимылының бірыңғай алгоритмі дайындалды. Қарулы Күштерді қолдану ерекшелігі айқындалды. Жалпы, әскерлерді оқытып-үйрету ықтимал қауіп-қатер мен күрделі жағдай аясында, оның ішінде қазіргі заманғы қарулы жанжалдағы жауынгерлік іс-қимыл тәжірибесін ескере отырып өтті. Әскерлерді даярлауда, оның ішінде ұшқышсыз ұшу аппаратын, жаңа радиоэлектрондық күрес және әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдарын пайдаланумен жауынгерлік іс-қимылды жүргізудің жаңа тәсілдерін меңгеруге баса назар аударылды. Бөлімшелері негізгі күштерден қол үзіп жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізуге қабілетті Арнайы операциялар күштеріне ұдайы назар аударылды. Жаңа үдерістерді ескере отырып, батальондық және роталық тактикалық топтар даярлығының тиімділігін арттыру жұмысы жүргізілді», - деді генерал.