29.12.2022 _ 14:44

АШМ басшысы Алматы қаласының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесті

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев жұмыс сапарымен Алматы қаласына барып, мегаполистің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне жаңа жылда қазақстандық аграршыларды қандай жаңалықтар күтіп тұрғаны айтып берді, деп хабарлайды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.

Алматы – 2022 жылдың 11 айында 279,2 млрд теңгеге өнім шығарған еліміздегі ірі азық-түлік тұтынушылары мен өндірушілері бар қаланың бірі. 

АШМ басшысы жеміс-көкөніс өнімдерін өндіру бойынша көшбасшылардың біріне барды. «BRB APK» ЖШС жылыжай кешені жылына 7,2 мың тоннаға дейін маусымнан тыс көкөніс өсіруге мүмкіндік беретін заманауи голланд технологиялары бойынша жұмыс істейді. Жобаға 7,8 млрд теңге инвестиция салынды, кәсіпорында 200 адам жұмыс істейді.

Сондай-ақ апар барысында Ербол Қарашөкеев «Беккер и К» ЖШС, «Бижан» ЕӨЗ» ЖШС, «Маслодел» ЖШС, «Еуразиан Фудс Корпорейшн» АҚ  компанияларының басшыларымен кездесті, олармен қайта өңдеу саласын одан әрі дамыту мәселелері мен жоспарларын талқыланды.

Министр 2023 жылдан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін жеткізуге форвардтық қаржыландыру бойынша жаңа тәсілдер енгізіліп жатқанын, олар 3 кезеңде енгізілетінін атап өтті. Біріншіден, бұл күзгі және ерте көкөністерді 1 тамызға дейін және 1 қыркүйекке дейін форвардтық сатып алу, содан кейін оларды маусымнан тыс уақытта нарыққа жеткізу.

Екінші кезең, қант зауыттарының айналым қаражатын қаржыландыруға ұқсас қарақұмық, күріш және күнбағыс өңдейтін кәсіпорындардың шикізатын сатып алуға айналым қаражатын қаржыландыруды көздейді. 

Үшінші кезең, мемлекеттік қолдау мен арзандатылған астықты өткізу тетіктері арқылы қаржыландыру.

Сонымен қатар, Ербол Қарашөкеев АӨК субсидиялау жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмыстың аяқталғаны туралы айтып берді. Министр сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға, фермерлік қоғамдастықтың пікірін мейлінше ескеруге, сондай-ақ ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен жеткілікті көлемде қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін нұсқа әзірленгенін атап өтті.

«Сүтке, құс етіне және жұмыртқаға тауарлық-спецификалық субсидиялар бойынша субсидиялау нормативтері өзгеріссіз қалады.  Жалпы алғанда, тиімділігі төмен және сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жоғары субсидиялардың 10-ға жуық кіші түрі ғана жойылады», - деп толықтырды АШМ басшысы.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің шикізатты ішкі нарыққа, оның ішінде отандық қайта өңдеу кәсіпорындарына жеткізу бойынша қарсы міндеттемелерді алу нормасы енгізіледі.

Өтінімдерді онлайн беру үшін тегін мемлекеттік субсидиялау жүйесі енгізілді.

Субсидиялаудың жаңа қағидаларының жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланған. Ауыл шаруашылығы министрі фермерлерді аталған  құжатпен танысып, оны белсенді талқылауға қатысуға шақырды.