Тараптар ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл 21-22 желтоқсанда Өзбекстанға жасаған сапарының қорытындысы бойынша екі мемлекет басшыларының берген тапсырмаларын іске асыру мәселелерін талқылады.
Атап айтқанда, өзара сауда-саттықты ұлғайту, оның ішінде Бірлескен сыртқы сауда компаниясын құру, көлік-логистикалық ынтымақтастықты нығайту және тиісті инфрақұрылымды дамыту, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында кооперациялық жобаларды іске қосу, жаңа қайта өңдеу кластерлерін құру, ауыл шаруашылығы өнімдерінің түрлерін жеткізуді жолға қою және т. б. шаралар қаралды.
«Мемлекет басшылары бірінші кезектегі бірқатар міндеттерді айқындап, оларды іске асыру мерзімдерін нақты белгілеп берді. Азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған барлық шараларды жүзеге асыру үшін үйлесімді және тиімді жұмысты қамтамасыз етуіміз керек», — деді Премьер-Министр.
«Біздің елдеріміздің кәсіпкерлері өзара белсенді іскерлік қарым-қатынастар орнатқан, сондықтан бизнеске жаңа бірлескен жобаларды іске қосуға жан-жақты қолдау қажет. Біз сіздермен бірге осы бағытта жұмыс істеуге дайынбыз», — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар тараптар су шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.
Кездесу соңында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов 2022 жылғы 21-22 желтоқсанда екі ел Президенттері арасында өткен келіссөз қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру жөніндегі Жол картасына қол қойды. Өзбек тарапынан бұл құжатқа ӨР Премьер-Министрі Абдулла Арипов қол қояды.