30.12.2022 _ 12:10

Б. Ақшолақов: Қайта өңдеу көлемі 2 млрд текше метр газ өңдеу зауытын салу келісілуде

Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды бағдарламасында 2029 жылға қарай тауарлық газ өндірісінің көлемін 30 млрд текше метрге дейін жеткізу міндетін қойды. Қашаған кен орнында қуаты 1 млрд текше метр ілеспе газды өңдеу бойынша жобаны іске асыру басталды, оны 2025 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Бұл туралы энергетика министрі Болат Ақшолақов ОКҚ-да өткен брифингте хабарлады.

«Осы кен орнының әлеуетін ескере отырып, қайта өңдеу көлемі 2 млрд текше метр газ өңдеу зауытын салу келісілуде, оны 2029 жылға дейін аяқтау жоспарланып отыр. Бұдан басқа, 2023 жылы «Жайықмұнай» мұнай өңдеу зауытында Қарашығанақ газын өңдеу бойынша шешім қабылданады, бұл газды өңдеуді 2025 жылы 4 млрд текше метрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Маңғыстау облысында тауарлық газ өндіру қуаты 700 млн текше метрден астам Қазақстан газ өңдеу зауыты іске асырылатын болады. Бүгінгі таңда жоба құрылысы бойынша қызмет көрсетушіні анықтау үшін тендерлік рәсімдер жүргізілуде. Жоба 2025 жылы аяқталады деп күтілуде», - деді министр.