30.12.2022 _ 13:30

ҚР ИИДМ көліктік бақылау мақсатында «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешенін пайдалануды қарастыруда

Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов пен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглованың төрағалығымен жұмыс отырысы өткізіліп, оның барысында ішкі істер органдарының еліміздің қалаларындағы автожолдарда жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды автоматты фото-бейне тіркеу бойынша жұмыс тәжірибесі талқыланды. Аталған заманауи жүйенің жұмысындағы оң нәтижені бағамдай отырып, ҚР ИИДМ көліктік бақылау қызметтерін автоматтандыру мақсатында аппараттық-бағдарламалық кешенін пайдаланудың мүмкіндігін қарастырып отыр, деп хабарлайды ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.

Статистикаға сәйкес кейінгі 4 жылда елімізде 55 мыңға жуық жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның салдарынан 60 мыңнан астам адам зардап шегіп, 8 мыңнан астам адам қаза тапқан.

Бұл ретте «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешені енгізілген сәттен бастап, еліміздің жолдарында өлім-жітімнің 50%-дан аса төмендеуі байқалып, қоғамдық орындардағы қылмыс айтарлықтай азайыпты. Сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін сақтамағаны үшін төленетін айыппұлдардың есебінен бюджетке 50 млрд теңгеге жуық қаражат түскен.

Аталған заманауи жүйенің жұмысындағы оң нәтижені бағамдай отырып, ҚР ИИДМ көліктік бақылау қызметтерін автоматтандыру мақсатында аппараттық-бағдарламалық кешенін пайдаланудың мүмкіндігін қарастырып отыр.

Қазіргі кезде ҚР ИИДМ жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды автоматты фото-бейне тіркеу үшін «Астана-Теміртау» учаскесінде пилоттық жобаны іске асыру көзделіп отыр.

Сондай-ақ аталмыш пилоттық жобаны іске асыруға еліміздің IT-компанияларын ынтымақтастыққа шақырады.

Министрлік өкілдері бұл жобаның ірі көлемді және ауыр салмақты автокөліктердің қатысуымен орын алатын құқық бұзушылықты, сондай-ақ жолаушылар мен багажды тұрақты немесе тұрақты емес тасымалдау кезіндегі қауіпсіздікті автоматты түрде анықтап, көліктік бақылауды жүзеге асыру кезінде адами фактор мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау арқылы жол төсемінің сақталуын қамтамасыз ету бойынша әлеуметтік және экономикалық тиімділікке қол жеткізуге септігін тигізетінін айтты.